Елордада тәулігіне 80-ге дейін КВИ жағдайы тіркеледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жыл басынан бері 135 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясымен ауырды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Соңғы аптада ауырғандар санының өсуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласында CОVІD-19 аурушаңдығы тұрақсыз деп бағаланады. Тіркелетін жағдайлардың саны күніне 65-тен 80-ге дейін ауытқуда. Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптадан 2,90 пайызға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 47,8 санын құрайды. Тиісінше, 23 желтоқсаннан бастап қала эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты», - деді ол қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, бұл мереке күндерінен кейін үнемі байқалатын көрініс. Коронавирус инфекциясын тіркеудің негізгі себептері - тұрғындардың карантин шараларын сақтамауы. Яғни, мұндай жайт адамдар көп жиналатын орындарға баруынан, бетперде киюді елемеуден, пациенттердің де, жақын байланыста болған адамдардың да үй карантині режимін сақтамауынан орын алады.
«Тәулігіне алғашқы зертханалық расталған КВИ-дің 68 жағдайы тіркелді, симптомдары бар - 59 жағдай, 9 - симптомсыз. Өсім 0,04 пайыз. Осы жылдың басынан бері қала бойынша CОVІD-19-дың 135 184 жағдайы, пандемия басталғаннан бері 153 704 жағдайы тіркелді», - деді Сархат Бейсенова.