Елордада «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Өнер байқауы Қазақстанның халық әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешованың 75 жас мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Елордада «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі басталды
Фото: Алпамыс Файзолла\Kazinform

Фестивальге еліміздің және Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан тәрізді көршілес мемлекеттердің театр ұжымдары қатысып, бақ сынайды.

Байқау аясында театр өнерінің заманауи бағыттары мен тың ізденістері көрермен назарына ұсынылып, театр майталмандары арасында кәсіби пікір алмасу алаңы қалыптасады.

7 қазанға дейін жалғасатын театр тойы барысында елордада жалпы 16 қойылым қойылады.

Елордада «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі басталды
Фото: Алпамыс Файзолла\Kazinform

— Бұл халықаралық фестиваль менің атыма арналған. Бірақ менің қуанатыным — бұл фестивальге өнерін көрсету үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен қанша театр ұжымы келді. Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжаннан да өнерпаздар келіп, қойылымдарын қояды. Демек, бұл байқау менің атымда ұйымдастырылғанымен, негізінде менің ұстаздарыма арналған. Әсіресе, өзім өнердегі жолымды бастаған «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтанахмет Қожықовты, университет қабырғасында жүргенімдегі ұстазым КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваны, мықты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовты ерекше атағым келеді. Тағы бір дүниені айтсам деймін. Қазір театрда көп ойнамаймын. Себебі, менің сахнадағы серіктестерім қазір жоқ. Сүйікті жарым Құман ағаларың жоқ. Былтыр Асанәлі ағамыз да кетіп қалды. Бірақ олар менің жүрегімде. Бұл фестиваль соларға арналған. Мерейтойым аясында киелі сахнада еліміздің және көршілес мемлекеттердің өнерпаздары жиналатынына өте қуаныштымын, — деп ағынан жарылды фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан Меруерт Өтекешова.

Елордада «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі басталды
Фото: Алпамыс Файзолла\Kazinform
Елордада «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі басталды
Фото: Алпамыс Файзолла\Kazinform
Елордада «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі басталды
Фото: Алпамыс Файзолла\Kazinform
Елордада «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі басталды
Фото: Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Абай театрында жаңартылған интерактивті музей ашылғанын жазғанбыз.