Елордада Темірбек Жүргеновтің білім мен мәдениетті дамытудағы рөлі туралы конференция өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің есімін ұлықтауға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Астанада "Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Т.Жүргеновтің рөлі және рухани мұрасы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдарының өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, жас ізденушілері қатысты. Конференцияның пленарлық мәжілісіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ Ресей ғылым академиясы Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тамара Красовицкая, Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының А.Дониш атындағы Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Абдулло Гафуров баяндамалар жасады.
Конференцияның секциялық отырыстарында 90-нан астам баяндама тыңдалды. Ғалымдар белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қазақстандық және шетелдік ғалымдар қайраткердің өмірі мен қызметіне байланысты баяндамалар жасап, сол заманның тарихи оқиғалары бойынша өз зерттеулерінің нәтижелерімен көпшілік қауымды таныстырды. Сонымен қатар Т.Жүргеновтің Қазақстан және Орта Азия тарихындағы ерекше рөлін, оның шығыс халқын рухани азат ету, кеңес заманында қазақ мәдениетін нығайту мен қазақ халқын біріктіру жолында жасаған ерен еңбегін баса көрсетті.
Айта кетейік, конференция қарсаңында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен ғылыми еңбектер жинағы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының құрастыруымен "Темірбек Жүргенов - мұрағат құжаттарында" атты құжаттар жинағы жарық көрді. Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов туралы деректі фильм көрсетілді. Оның соңында қатысушылар Т.Жүргеновтің тұлғасына және оның тарихи маңызды қызметіне қатысты мәселелерді талқылау негізінде конференция қарарын қабылдады.