Елордада тергеушіге пара берген әйел 15 жылға сотталуы мүмкін
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада тұратын 56 жастағы әйел өзіне қатысты қылмыстық істің ретін оңды шешу үшін тергеушіге 100 мың теңге пара бермек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына Есіл аудандық полиция басқармасының тергеушісі жүгініп, қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан фигуранттардың бірінен 100 мың теңге көлемінде ақша аударылғанын мәлім етті. Жедел-тергеу амалдарын жүргізу нәтижесінде, сондай-ақ жемқорлық қылмысы туралы дер кезінде ескерткен тергеушінің адалдығының арқасында, аударылған ақша қайтарылғаннан кейін Полиция басқармасының ғимаратында Нұр-Сұлтан қаласының 56 жастағы әйел тұрғыны ұсталды. Ол қылмыстық істің оңды шешілуі үшін аталмыш соманы пара ретінде аударған», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінен.
Қазір осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қалалық полиция департаменті пара беру 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыруы мүмкіндігін ескертеді.
«Осыған байланысты азаматтарды ішкі істер органдарымен қатысы бар жұмыста құқыққа қайшы әрекеттерге бармауға шақырамыз. Ал лауазымды тұлға тарапынан пара бопсалау фактілері болған жағдайда Бейбітшілік, 19 мекенжайында орналасқан Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына немесе 8 702 127 98 18 телефон нөміріне (ақпараттың құпиялылығына кепілдік беріледі) хабарласу қажет», - делінген хабарламада.