Елордада «Тіл - халық жандүниесін тану кілті» атты республикалық конкурс басталды
АСТАНА. Желтоқсанның 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Тіл - халық жандүниесін тану кілті» атты орыс жастарының арасындағы қазақ тілі білгірлерінің республикалық конкурсы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқаудың ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерденнің айтуынша, қазақ тілін үйренуге деген ынта тек қана елімізде емес, сонымен бірге басқа мемлекеттерде де анық байқалады. Оған еліміздегі орыс жастарымен қатар Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті халықаралық қатынастар және әлеуметтік-саяси ғылымдар факультетінің қазақ тілін оқып жүрген студенттерінің байқауға қатысуы дәлел бола алады.
Айта кетейік, бірнеше жылдан бері аталған университеттің жанынан қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Оның ашылуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жан-жақты қолдау көрсеткен болатын.
Сонымен байқауға облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінде жеңіске жеткен 14 пен 22 жас аралығындағы ЖОО студенттері мен мектеп, колледж оқушылары қатысуда. Конкурстың төрт кезеңнен тұратын шарты бойынша әрбір қатысушы туған өлкесін таныстырады, Қазақстанның тарихы мен қазіргі кезеңі туралы әңгімелейді және шығарма жазады. Ал соңғы кезеңде ән айту, би билеу немесе ұлттық аспапта ойнау арқылы қазақ халқының ұлттық мәдениетін көрсетеді.
Жеңімпаздар ақшалай және арнайы дипломдармен марапатталады.