Елордада «Тілдарын» қалалық олимпиадасы өтуде

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Елордада қазақ, орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген 15-30 жас аралығындағы жастардың арасында «Тілдарын» қалалық олимпиадасы өтуде.

Елордада «Тілдарын» қалалық олимпиадасы өтуде

Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешевтің атап өтуінше, 4 кезеңнен тұратын олимпиаданың бастапқы кезеңіне шамамен 70 адам қатысқан. Дегенмен олардың тек 12-сі ғана ақтық мәреге жетіп отыр.

«Бірінші кезең әңгімелесу форматында өтті. Ал екінші кезеңде жазба жұмысы болды. Осы кезеңде қатысушыларға эссе жазу міндеті қойылғандықтан, өте қиын болғандығын атап өткен орынды. Өйткені қатысушылардың  бірқатары қазақ тілінде еркін сөйлегенмен, жазуға келгенде шорқақ екендігін көрсетті», - деді ол.

Олимпиаданың бүгін өтіп жатқан ақтық мәресінде қатысушыларға сауалдар қойылады. Сонымен қатар, олар қазақ тіліндегі мәтінді бірден орыс және ағылшын тілдеріне аударуы керек.

Қалалық байқаудың жеңімпаздары естелік сыйлықтармен марапатталып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдерді дамыту комитеті ұйымдастыратын республикалық олимпиадаға жолдама алады.