Елордада «Төле, Қазыбек, Әйтеке билер портреттері» триптихының тұсакесер рәсімі өтті
СТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би портреттері» триптихының және «Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлауы» атты өнер туындысының тұсакесер рәсімі өтті.
Мәдени шара шымылдығын ашқан орталық директоры Мырзатай Жолдасбеков «бүгін қазақ халқының тарихына қатысты асыл мұрасын ұлықтағалы отырмыз», дей келіп, қазақ халқы, оның байтақ даласы бағзы замандардан бері қарай қанды жорықтардың даласына айналғандығын, ата-бабаларымыздың алтыннан сарай тұрғызғанын, алтын тақта отырып, алтыннан киінгенін, тіпті мінген аттарының ертоқымы мен әбзелдерінде алтынмен аптағанын атап өтті. Сонымен қатар ол қазіргі уақытта қазақ жерінен алтынмен апталған 67 ат табылғанын тілге тиек етіп, соның барлығын жинап, елорда төріндегі орталыққа жинасам деген арманым білдірді. Сонымен қатар М.Жолдасбеков «бүкіл дүниежүзі тарихында болмаған оқиға болар еді» деген ойын да жеткізді. Одан ары бүгінгі шараға ойысқан ол «қазақтың басын қосқан, бізге осы күнгі бірлікті, мызғымайтын ынтымақты мирас, аманат етіп қалдырып кеткен қазақтың кемеңгер үш биі бар. Бүгін қазақты ел қылған, ұлт қылған, халық қылған, ұйыстырған үш данамыз Төле, Қазыбек, Әйтеке билер портреттерінің тұсаукесері. Бұны кеңес заманында қинала жүріп салған Тоқболат Тоғысбаев дейтін сол кездегі өзіміздің аса ардақты суретшіміз болатын», деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Т.Тоғысбаев аталған триптихті жасау барысында билер мен олардың сыртқы келбеттеріне қатысты мұрағат мәліметтерін кеңінен пайдаланып, билердің тікелей ұрпақтарынан, сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ірі тұлғалары М.Әуезов, О.Сүлейменов, Х.Ерғалиевтерден және басқа да мамандардан кеңес алып отырған. Оралыққа сыйға тартылған бұл өнер туындылары майлы бояумен салынған.
Сондай-ақ шара барысында итальяндық суретші Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлауы» атты туындысы негізінде қырғыз суретшісі салған өнер туындысының да тұсаукесер рәсімі өтіп, мұражай қорына берілді.