Елордада төтенше жағдай қызметінің қысқа дайындығы пысықталып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Қыс – 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайға дайындық шарасына елорданың төтенше жағдай қызметі, полиция, азаматтық қорғаныс, жедел жәрдем, тазалық және тағы басқа қызмет мамандары қатысты.

Оқу-жаттығу қала сыртындағы Сарыарқа ауданының қар полигонында өтті және ол 5 кезеңнен тұрды.

Бірінші, қаланың жедел әрекет ету жиынтық жасағының сап түзеуі, екінші қарлы бораннан және жолда аударылған автобустан адамдарды шығау, зардап шеккендерді эвакуациялау, үшінші қарлы боранда аңшылар мен балықшыларды іздеу, төртіншіден, жол-көлік апатына ұшыраған көліктен адамдарды құтқару және қабылдау, жылыту бекеттерінің дайындығы және медициналық, психологиялық көмек көрсету.

«Бүгін елорданың азаматтық қорғаныс қызметінің қыс мезгіліне дайындығы пысықталып жатыр. Азаматтық қорғаныс қызметі елордамен қатар оның іргесінде орналасқан елдімекен тұрғындарына да көмек көрсетеді. Алдымызда қыс келе жатыр, осы орайда қорғаныс қызметі төтенше жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Сондықтан да қыс түспей дайындықты тағы бір пысықтап жатырмыз. Бұл жерде бірнеше сала бойынша қызмет түрі бар, олардың төтенше жағдайда бір кісідей жұмылып жұмыс істеуі өте маңызды. Оның үстіне мамандар техникамен жұмыс істейді, оның да дайындығы назарда. Оқу-жаттығу барысында қолдан төтенше жағдай ұйымдастырылады. Сол арқылы мамандар мен техниканың қаншалықты жылдам әрі тиімді әрекет ететінін тексереміз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов шара барысында.

Оның айтуынша, қорғаныс қызметінен бөлек, төтенше жағдай туындағанда Ұлттық ұлан мен волонтерлер де жұмылдырылады.

«Қыс – 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына елорданың 32 мекемесі қатысып отыр. Әр мекеменің өз міндеті бар. Және төтенше жағдай туындағанда әр мекеме өз жұмысын атқарып қана қоймай, басқа қызмет түрлерімен өзара ықпалдасып әрекет етуі тиіс. Осындай оқу-жаттығу жылына 2 рет өтеді, қыста және көктемде. Бүгінгі дайындық шарасына азаматтық қорғаныс саласының 145 маманы мен 37 техника қатысып отыр», - деді қалалық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайды жою басқармасының басшысы Эльдор Райымбеков.

Айта кетейік, елордадағы қысқа дайындық шарасы екі күнге жалғасады.


Соңғы жаңалықтар