Елордада төтенше жағдай режимин бұзған 35 адам қамауға алынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада төтенше жағдай режимин бұзған 35 адам қамауға алынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада төтенше жағдай режимин бұзған 35 адам қамауға алынды

Ведомство мәліметінше, елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап елордалық құқық қорғаушылар 159 адамды жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 39 адам - заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, 119-ы - төтенше жағдай режимін бұзған және 1 адам төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекет жасаған. Әкімшілік материалдарды қарау нәтижесінде 124 адамға жалпы сомасы 3 883 715 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынып, 35 адам қамауға алынды. Сонымен қатар сот шешімімен құқық бұзушылардан 2 24,7 литр антисептик, 17 946 дана медициналық масқа мемлекет кірісіне тәркіленді.

«Карантин талаптарын бұзу және адамдар жиналатын нысандардың заңсыз жұмыс фактілері бойынша 74 субъекті, оның ішінде 13 дәмхана, азық-түлік емес заттар сататын 14 дүкен, 8 асхана, 6 дөнер дүңгіршегі, 3 бильярд клубы, 3 тігін салоны, 5 компьютерлік клуб, 5 сұлулық салоны, 5 сауна, 1 СПА және 5 техникалық қызмет көрсету стансасы жауапқа тартылды. Айталық, 24 наурыз күні Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік сотының қаулысымен азамат О.Р. 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол ұйғарымға қарамастан өзіне тиесілі «Достар» бильярд клубының жұмыс істеуіне жол берген», - деп атап өтеді қалалық прокуратурадан.