Елордада төтенше жағдайлар азайған

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылдың қорытындысы бойынша елордада төтенше жағдайлар саны 35%-ға төмендеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап, елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Елордада төтенше жағдайлар азайған

«2013 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Астана қаласында төтенше жағдайлар саны біршама төмендеген. Мысалы, өткен жылы 237 төтенше жағдай орын алған, бұл 2012 жылмен (370 ТЖ) салыстырғанда 35%-ға кем», - делінген хабарламада.

Бұл туралы Астана қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында мәлім болды. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов, Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары - қалалық ТЖД бастығы, генерал-майор Мейрам Ысқақов, ТЖД бастығының орынбасары, полковник Барат Дұзақбаев және комиссия мүшелері мен шаруашылық объектісінің басшылары қатысты.

Отырыс барысында комиссияның 2013 жылдағы жұмысы қорытындыланып, 2014 жылға алға қойған міндеттері талқыланды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында комиссия төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жүйесін дайындау бойынша жоспарлар мен іс-шараларды жүзеге асыру туралы шешім қабылдады.

Есіл ауданының әкімі мен коммуналдық шаруашылық басқармасына Ильинка кентінде бөгет салуды бақылауға алу тапсырылып, атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру жүктелді.