Елордада травматолог-ортопедтердің екінші съезі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада травматолог-ортопедтердің екінші съезі өтеді. Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметкері Әсет Мұқажанов мәлім етті.
«29-30 қыркүйекте біз сіздерді экономикалық контрабандаға қарсы әрекет ету тақырыбындағы Астана қаласында өтетін өңірлік семинарға шақырамыз. Семинардың басты мақсаты - контрабандамен күресте тәжірибе алмасу», - деді Ә.Мұқажанов.
Оның сөзіне қарағанда, осы апта ішінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бағытында бірқатар шара өткізіледі. Оның ішіндегі аса ірі шаралардың бірі - травматолог-ортопедтердің екінші съезі болмақ.
«Ол Астанада 2-3 қазанда өтеді. Сонымен қатар екінші қазанда барлық ТМД елдерінің медициналық апаттар ұйымдарының ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтетін болады» - деді ол.
Сонымен қатар Ә.Мұқажанов екінші қазанда еліміздің үздік ұстаздары марапатталатындығын да атап өтті.