Елордада триатлоннан Азия чемпионаты өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 3-5 қыркүйекте Орта Азияда алғаш рет астаналық Триатлон паркте триатлоннан Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Құрлық біріншілігі 2021 жылғы триатлон маусымының басты додасына айналады.
Чемпионатта U19 (19 жасқа дейінгі), U23 (23 жасқа дейінгі) санатындағы спортшылар және Mixed Relay (эстафеталық командалар) қатысады. Он тоғыз жасқа дейінгі спортшылар 750 м жүзу, 20 км веложарыс пен 5 км жүгіруден тұратын спринтер қашықтағы Азия чемпионын анықтайды. U23 санатындағы спортшылар одан екі есе ұзын олимпиадалық қашықтағы құрлық чемпионы атағы үшін сынға түседі. Құрамына екі екіден ер және әйелдер кіретін эстафеталық командалар 250 м жүзу, 6,6 км веложарыс пен 1,6 км жүгіруден құралатын қашықты тоқтаусыз бағындырады.
«Астанамызда құрлықтық чемпионатты өткізу құқығына ие болдық. Федерация басшысы Алдияр Қазтаевқа көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын. Спортшыларымыз үшін бұл үлкен мүмкіндік – олар өз елінде жаттығып, додаға түсе алады. Елдегі біріншілікте жүлделі орындарға ие болу үшін қолдан келгенді жасауға тырысамыз», - деді ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Үсіпбеков.
Чемпионаттағы жеке есепте Азия елдерінен келген 130 спортшы (65 ер және 65 әйел) қатысады деп күтілуде. Сайыскерлер әлемдік рейтингінің ұпайы үшін бәсекелеседі.