Елордада туберкулезден емделушілерге қандай әлеуметтік қолдау бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева туберкулез инфекциясын жұқтырып, ем алып жатқан жандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалалық маслихаттың шешіміне сәйкес, 2001 жылдан бастап туберкулезден амбулаторлық негізде ем қабылдап жатқан жандарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Әлеуметтік қолдау бұрын азық-түлік себеті және қоғамдық көлікте тегін жүру негізінде қарастырылды. Ал 2019 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап ай сайын 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде төлем беріліп келеді», – деді Жанна Пралиева Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

«Туберкулез инфекциясын жұқтырған жандарды анықтау мен жалпы жағдайды бақылауда серіктес ретінде үкіметтік емес ұйымдарды тарту маңызды. Аталған шара ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимылды күшейтіп, сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен жылдан бастап Астана қаласының маслихатымен әлеуметтік тапсырыс шеңберінде туберкулезбен күрес жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдарды тарту шаралары қолдау тапты», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, туберкулез жұқтырған астаналықтардың 53,9%-ы еңбекке қабілетті жаста болып шықты.

Айта кетейік, 24 наурыз туберкулезге қарсы дүниежүзілік күрес күні.


Соңғы жаңалықтар