Елордада туғанымды мақтан етемін - Астана құрдасы

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Күн санап көркейіп, өсіп келе жатқан елордада туғанымды мақтан етемін. Бұл туралы әскери қызметші Азамат Мағзұмов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада туғанымды мақтан етемін - Астана құрдасы

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы жауынгер А.Мағзұмов Астанада өмірге келді.

Кейін отбасымен бірге Жезқазған қаласына көшіп, сондағы орта мектепті 2017 жылы бітірді. 2017 жылдың желтоқсанында әскерге алынған ол қазіргі кезде материалдық қамтамасыз ету ротасында радиохимиялық және бактерологиялық қорғау жабдығын жөндеу жөніндегі маман ретінде қызмет етеді.

Азаматты «сегіз қырлы, бір сырлы» деуге болады. Ол бокспен үнемі шұғылданады, спорт шеберлігінен үміткер, сондай-ақ волейбол, үстел теннисін ойнағанды жаны сүйеді.

А.Мағзұмов қызмет мерзімі біткеннен кейін келісімшартпен қалғысы келеді. Ол Астанамен бір жылда өмірге келгенін ұмытқан емес. Қазақ елінің мақтанышына айналған елордамен өзі де алға басатынына сенімі нық.

«Астананың құрдасы екенімді ойласам, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Маған елорданың еңселі келбеті керемет ұнайды. Әрине, жүрегімнің бір бұрышында Жезқазған да тұрады. Болашақта еліміздің жан-жақты дамып, гүлдене беретініне сенімдімін. Ол үшін біз сияқты жастар қазіргі заманғы талаптарға сай келетін білім алып, озық технологияларды меңгеріп, әр салада тыңғылықты еңбек ете білуі керек», - деді Азамат Мағзұмов.