Елордада тұмаумен ауру ахуалы қалыпты

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана қаласында тыныс жолдары және тұмаумен ауру жайы бір қалыпты. 2012 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, тыныс жолдары ауруларымен тіркелгендер саны өткен эпидемиалық маусым көрсеткіштерінен аспайды.

Елордада тұмаумен ауру ахуалы қалыпты

Бұл туралы Мемсанэпидқадағалау Комитеті департаментінен хабарлады.

astana.kz сайтының мәліметінше, биылғы эпидмаусымда тыныс жолдары сырқатымен ауырғандар саны (23 600 адам) өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе аз (32872 адам).

Департамент мәліметтері бойынша, негізінен тұмаумен (жалпы ауырғандардың 77 %-ы, олардың 25 %-ы бір жасқа дейінгі бүлдіршіндер) 14 жасқа дейінгі балалар көп ауырады. Дәрігерлер көбіне тыныс жолдары сырқатымен және тұмаумен ауырғандардың 1,6 %-ын құрайтын жүкті әйелдерге де баса назар аударады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласы бойынша Мемлекеттік санитарлық эпидқадағалау департаментінің мамандары жүргізген күнделікті мониторинг бойынша тұмау эпидемиологиялық кезеңінде кешенді санитарлық-сауықтыру іс-шараларын атқару қажеттігі нақты дәлелденуде. Әсіресе, бұл жүкті әйелдер мен жасы 60-тан асқан адамдарға және созылмалы өкпе, жүрек қан-тамырлары науқастары бар балаларға аса қажет.