Елордада «Түнгі қаладағы балалар» шарасы барысында 114 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Бұл туралы бүгін Ішкі істер департаментінде өткен баспасөз мәслихатында Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуантай Омарбеков мәлім етті.
18-26 сәуір аралығында өткенакцияның мақсаты - жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүрулеріне жол бермеу болып табылады. Республика аумағында «Түнгі қаладағы балалар» атты акция өткізілетіндігі жөнінде бұдан бұрын Ішкі істер министрлігі хабарлаған болатын.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің пайымдауларынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың ерте бастан-ақ алдын алудың тиімді әдістердің бірі - жасөспірімдерді заңды сыйлауға үйретіп, олардың құқықтық сауаттарын арттыру болып табылады.
«Шара барысында 114 ойын-сауық орындары, 16 түнгі клуб, 53 дәмхана, мейрамханалар, 45 компьютерлік клуб және интернет-кафе тексерілді»,-дейді Қ.Омарбеков.
«Тексеру барысында ойын-сауық кешендерінің, дәмханалардың, мейманханалардың әкімшіліктері балаларды түнгі уақытта кіргізуге мүмкіндік берген үшін әкімшілік жазаға тартылды. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының күштері жұмылдырылған»,-деп атап көрсетті ол.
Жалпы жыл басынан бері, Қ. Омарбековтың айтуынша, алдын алу есебіне 8 бала тіркеліп, 474-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2011 жылы 324 отбасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың есебіне тіркелген.