Елордада Тұран даңғылының учаскесі уақытша жабылады
АСТАНА. KAZINFORM - Тұран даңғылының Орынбор мен Бағланова көшелерінің аралығындағы бөлігінде инженерлік желілерді төсеу жұмысы жүргізіледі. Осыған байланысты 21 ақпан мен 9 наурыз аралығында көлік қозғалысы екі бағытта да шектеледі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іргелес учаскелерде тиісті жол белгілері орнатылып, бағдаршамдардың жұмыс режимдеріне түзетулер енгізілді. Қосымша ақпараттық белгілер орнатылды.
Баламалы бағыттар Айтматов көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы болып саналады.
Аталған уақытта кептелістерді азайту үшін Қабанбай батыр даңғылындағы автобус жолақтарымен жүруге уақытша рұқсат етіледі. Олар бойынша қозғалыс бұзылыстарын тіркеу өшіріледі. № 26, 27, 40 қалалық автобустардың бағыты өзгертілді.
Жол қауіпсіздігі мақсатында полиция департаменті жүргізушілерге өте мұқият болып, маршрутты алдын ала жоспарлау қажет екенін ескертеді.