Елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны үш есе баяулайды
Астанада бір жылда 11 млн шаршы метр тұрғын үй салынып келген. Енді осы қарқын баяулап, жылына 3-3,5 млн шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Jibek Joly телеарнасына сұхбат берген қала әкімі Жеңіс Қасымбек осындай жоспарын ортаға салды, деп хабарлайды Kazinform.
«Қазір әкімшілік екі ортада. Мына жағында құрылыс компаниялары тұр. Олар қазір қалаға 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын беріп отыр. Оны сақтау керек және қолдау керек. Қаладағы инвестицияның жартысы құрылысқа тартылады. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы ғана емес, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп және басқасы бар. Екінші жағында үлескерлер – қаланың тұрғындары, Қазақстан азаматтары тұр. Сондықтан екі жақты да түсініп, екеуіне де көмек беру керек. Қазіргі күні мысалы, 102 заңсыз құрылыс болды дейміз ғой, құжаттарын реттеп, заңды түрде құрылысын жалғастыратын компаниялардың саны өзгеріп жатыр. Құжаты дұрыс емес, әлі де формалды тұрғыдан заңсыз салып жатқан компаниялардың саны 3 есе азайды. Бірақ осы жылдың ішінде бұл мәселені толығымен шешеміз деп жоспарлап отырмын», - деді ол.
Жеңіс Қасымбек бұдан былай Астанада тұрғын үй құрылысына жер алу қиындайтынын еске салды.
«Жер алу өте қиын болады. Мемлекеттік сараптамасы жоқ бір де бір компания келе алмайды. Жер мәселесі толығымен, 100 пайыз шешілмесе, ол да келе аламайды. Мысалы, ескі гараждардың, бұрынғы саяжайлардың аумағын үлкен компаниялар сатып алады да, құрылысқа кіріседі. Ол жерде бір-екі гектар жер болуы мүмкін. Гараждың 95 пайызын сатып алып, 5 пайызымен бағасына келіспесе де, құрылысты бастап кетеді. Соның кесірінен ауланың қақ ортасында 5-6 жекеменшік гараж тұрады. Ол заңды емес. Саяжай болса, онда біреу тұрады. Қалаға проблеманы қолдан туғызып беріп отыр. Біз ондай үйді қабылдай алмаймыз. Халық көріп отыр. «Үй бітті ғой, неге кілт бермейді?» дейді. 1991 жылы «Жилье-91» деген бағдарлама болатын. Қазақстан бойынша 6 млн шаршы метр үй салынатын. Қазір бір қалада 11 млн шарш метр салынып отыр. Өз жоспарымыз бойынша, жылына 3-3,5 млн шаршы метрді қабылдаймыз. Осы 3 млн шаршы метрге салынып жатқан инфрақұрылым жеткілікті болады», - деді Астана әкімі.