Елордада тұрғын үй ғимараттарын терможаңғырту бойынша кәсіби мамандарды даярлайтын онкүндік курс басталды

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың қазақстандық ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС ұйытқы болған шара тұрғын үйді тиімді басқару және Қазақстандағы тұрғын үй ғимараттарын терможаңғырту жұмыстарын ұйымдастыру саласында кәсіби мамандар даярлауға бағытталған.
«Біз өзара іс-қимыл тетіктерін түсіндіруге бағытталған бірқатар шара өткіземіз. Бізде барынша қысқамерзімді, мәселен, екікүндік семинар бар. оларды барлық өңірлерде жүргізетін боламыз. Қазірдің өзінде үш өңірде өткіздік. Оның форматы өте қысқа болғанымен кез келген мәселені барынша жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді»,- дейді «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев.
Айта кетейік, кондоминиум нысандарын басқару органдарының, энергетика және ТКШ басқармаларының, жергілікті атқарушы органдардың (қалалар, аудандар мен облыстар) тұрғын үй инспекцияларының, басқарушы және сервистік компаниялардың, коммуналдық кәсіпорындардың, энергия-сервистік, жобалау ұйымдарының және ТКШ секторында жұмыс істейтін мамандарды оқыту екі саты бойынша жүргізіледі. Бірінші ақпараттық-консультациялық сатыда Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын түсіндіру және оны іске асырудың аралық нәтижелерін талдау жүзеге асырылады. Сондай-ақ талқылаулар көп пәтерлі тұрғын үйлерге техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу және жаңғырту проблемаларын қамтитын болады. Бұл сатыда дөңгелек үстелдер мен экскурсиялар өткізіледі.
Оқытудың екінші бөлігі практикалық болмақ. Курс тыңдаушылары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің өзара іс-қимылымен байланысты проблемаларды талдап, оларды жүйелендірумен айналысатын болады. Сонымен қатар, олар көп пәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқаруды қамтамасыз ету механизмдерін әзірлеуге қатысады.
Тұрғын үйді басқару, ғимараттарға терможаңғырту (санациялау) ұйымдастыру және жүргізу, инженерлік қамтамасыз ету және энергия үнемдеу, ғимараттар салу мен қайта құру жөніндегі озық сәулет шешімдері саласындағы халықаралық сарапшылар, ғалымдар мен тәжірибелі мамандар тақырыптық дәрістер оқиды.