Елордада Түркістан театры пластикалық спектакль қойды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың «Астана Опера» театрында Түркістан музыкалық драма театры «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қорқыт туралы аңыз» жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған. Би қимылдарын ресейлік балетмейстер Константин Семенов сахналаған. Пластикалық спектакльдің ерекшелігі – әртістер оқиғаны, кейіпкерлердің ішкі сезімдерін би қимылдары арқылы баяндайды. Қойылым әуендерін композитор Хамит Шанғалиев жазған.

«Түркістан музыкалық драма театрының ашылғанына аз уақыт өтсе де, республикаға танымал бола бастады. Бұл Нұр-Сұлтанға екінші гастрольдік сапарымыз, оған дейін біз Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Дулат Исабековтың «Бөрте» тарихи драмасын қойдық, енді «Астана Операның» тамаша сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Барша көрермендерді 27-28 тамызда заманауи би мен операны біріктірген «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінде жас театрдың өнерін бағалауға шақырамыз, - дейді Түркістан музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Спектакль көшпелі халықтар тарихында терең із қалдырып, құнды әдеби-музыкалық мұра жасаған Қорқыт атаның өмірін баяндайды. Қойылымда Қорқыт алып қарағаштан ойып қобыз жасайды, бұл аспап өзінің сиқырлы үнімен айналасын үндестік пен саулыққа жетелейді. Алайда қобызшының өмір жолында көптеген сынақтар кездеседі. Қайда барса да, қайда көшіп-қонса да, ажалдың елесі соңынан қалмайды. Қиын жолдан өткен соң ақыры Қорқыт туған жеріне оралады.


Бұл спектакльде ізгілік нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін араздыққа толтыруға тырысқан сиқыршы Мартудың арасындағы мәңгілік қақтығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді. Қойылым режиссері Константин Семенов Қорқыттың тұтас түркі әлемі үшін маңызды тұлға екенін, туындыға асқан жауапкершілікпен қарағанын айтты.
«Спектакль жасауда екі тақырыпқа баса мән бердік. Біріншісі – Қорқыт аты аңызға айналған қобыз аспабын жасады, ол музыка арқылы адамдарға үндестік сыйлайды. Екінші тақырып – оның адамдарға деген жанашырлығы. Өлім сөзсіз және өліммен күресу әрекеттері, оның өлімді қабылдау арқылы аспанға апаратын жолдың кілтін табатыны көрсетілген. Мені осы жобаға тартқаныма өте қуаныштымын. Менің ойымша, спектакль қызықты, инновациялық, көпкомпонентті болып шықты, себебі бейнепроекция мен мол жарық қолданылды. Әртістер үшін бұл жаңа бір белес болды, себебі спектакль тұтастай пластикаға негізделген», - деп бөлісті Константин Семенов.
Қойылымда заманауи технологиялар мен арнайы эффектілерді қолдану – Түркістан театрының басты ерекшелігіне айналды. Қорқыт спектаклінде де жаңбыр мен тұман сынды табиғат құбылыстары дыбыстық, визуалдық эффектілермен көрсетіледі.
Елордада 27-28 тамыз күндері екі күн қатарынан Түркістан музыкалық драма театрының дарынды әртістері Еламан Әбдіқалық, Еркінбек Әубәкіров, Акылай Сыдыгалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов, Гүлжанат Қаламғазина, Бақытнұр Дүйсенбаева, Мао Сакаи, Фархат Садуақасов, Дастан Саттар, Ильяс Джарлыкасымов, Алуа Төрегелді, Камила Алимжанова, Мадина Садубаева, Бекарыс Қарағулов, Данияр Досымбек, Алмас Жылқыбек, Фериде Толобаева, Дәулет Шоманов өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, өткен жылы Түркістан музыкалық драма театры танымал «Бөрте» спектаклін көрермен назарына ұсынған болатын.