Елордада түркітілдес елдер фотосуретшілерінің көрмесі ашылды

      АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін елордада кешқұрым «Жаңа мыңжылдықтың жаңа Астанасы» атты тоғызыншы түркітілдес елдер фотосуретшілерінің есеп беру көрмесі ашылды.

Елордада түркітілдес елдер фотосуретшілерінің көрмесі ашылды

Айта кетейік, Астана ТМД және түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Осы орайда «Астана-түркі мәдениетінің астанасы 2012» жылын өткізу жөніндегі шаралар жоспары аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті биылғы 27 тамыз және 5 қыркүйек аралығында «Жаңа мыңжылдықтың жаңа Астанасы» атты түркітілдес елдер фотосуретшілерінің  кездесуін өткізуде. Осының аясында бүгін есеп беру көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде түркітілдес елдерден қатысқан 20-дан астам фотосуретшінің туындылары қойылды.

«Осында Астананың заманауи қалпы пен дамуын жаңғырту, сонымен қатар қаланың халықаралық іскер және мәдени орталық ретінде қалыптасу үрдісі фототуындылар арқылы көрсетіледі»,-дейді ұйымдастырушылар.