Елордада түркітілдес мемлекеттердің шығармашылық ұжымдарының халықаралық фестивалі өтеді
АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында түркітілдес мемлекеттердің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен халықаралық фестиваль өтеді.
Мәдени шара «Астана 2012 - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында ұйымдастырады.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, бұл іс-шаралар мәдениет пен өнердің дамуын нығайтып, Қазақстанды түркітілдес елдердің арасындағы мәдени ынтымақтастық саласында біріктіруші орта ретінде танытуды көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше аталған сарайда ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Эртугрул Гүнай сынды лауазымды тұлғалардың қатысуымен «Астана 2012 - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ресми ашылуы өтті. Шара аясында мәртебелі меймандар мен елорда жұртшылығы Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, «Ұлытау» және «Керулен» топтарының, сонымен қатар Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Хакасия және Гагаузиялардың танымал фольклорлық ұжымдары мен жеке орындаушыларының өнерін тамашалады.