Елордада «түрлі-түсті» марафон өтті - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада осымен үшінші рет өткізіліп отырған ЯРКОкросс қайырымдылық шарасына мыңдаған жастар қатысты.
Бұл акция «Ең бақытты бес шақырым» деген атаумен де белгілі. Осы бес шақырымның әр шақырымындағы 5 түрлі-түсті станцияда күтіп тұрған еріктілер жүгіріске қатысушыларға әр түрлі бояулар шашады. Сөре сызығынан ақ киіммен шыққан қатысушылар мәреге түрлі-түсті болып келеді деуге де болады. Бұл шара бір жағынан Үндістанда ақпанның аяғы мен наурыздың басында көктемнің келуіне орай өткізілетін «Холи» мерекесін де еске салады.
Бүгінде мұндай түрлі-түсті марафондар әлемнің 50-ден астам елінде өткізіледі. Шараны Астана әкімдігінің қолдауымен «Posadiderevo.kz» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.
Айта кетейік, биыл ЯРКОкросс шарасы Алматыда 7 маусымда өтіп, оған 10 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ, осы жылы Алматы, Астана, Қарағандыдан басқа Шымкентте де өткізіледі.
Шараға қатысу билеті 2000 теңге тұрады. Түскен қаражат қаланы жасылдандыруға арналған жобаларға жұмсалады.