Елордада тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері марапатталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада ҚР Сауда және интеграция министрлігінде Дүниежүзі тұтынушыларының құқықтарын қорғау күні аясында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы орайда тұтыну құқықтарын қорғау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін наградалар табысталды.
«Өткен жылы ведомствоға 30 мыңға жуық азамат жүгінген. Біз 10000-ға жуық адамның бұзылған тұтынушылық құқықтарын қалпына келтіруге көмектестік, сондай-ақ шамамен 10000 азаматқа заңнама нормалары бойынша түсініктеме бердік. Қабылданған шаралар қазақстандықтарға 249 млн теңгені қайтаруға мүмкіндік берді», - деді Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев.
Сонымен қатар ол үкіметтік емес сектордың тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы маңызды рөлі туралы атап өтті. Өкілетті орган тарапынан қоғамдық бірлестіктермен тығыз өзара іс-қимыл орнату бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Айта кетейік, елімізде осы салада 50-ден астам қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерді қосу бойынша жұмыс жүргізіліп отыр.
Ержан Қазанбаев аталған ұйымдар өкілдерін Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күнімен құттықтап, қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне алғыс хаттар табыс етті. Салтанатты іс-шарада олардың тұтынушылық құқықтары мен азаматтардың әл-ауқатын қорғау жөніндегі күнделікті практикадағы қажырлы, адал жұмысы атап өтілді.



