Елордада Үкіметтік емес ұйымдардың қалалық форумы өтті
ыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елорданың «Тәуілсіздік Сарайында» ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланып отырған ІV Азаматтық форумы аясында Үкіметтік емес ұйымдарының (ҮЕҰ) қалалық форумы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтің мәнін де, сәнін де ашатын ҮЕҰ-дың орны ерекше. Өздеріңіз басы-қасында жүрген ҮЕҰ-дың қол жеткізген жетістіктерінің бабын түсірмей, барынша өрістете беру бүгінгі күннің талабы. Осы міндетті орындауда қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі мол деп білемін», - деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Аида Балаева.
Елорда әкімдігі мен Қазақстан Азаматтық Альянсының Астана қаласы бойынша филиалы ұйымдастырып отырған басқосуға ҮЕҰ мен ұлттық-мәдениет орталықтарының жетекшілері, мемлекеттік орган басшылары, қалалық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. Форумның күн тәртібіне Астана қаласындағы азаматтық қоғам институттарының даму барысы мен Елбасының «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауы аясында ҮЕҰ-дың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы туралы мәлімет, ІV Азамтаттық форумға Астана қаласынан баратын делегаттардың тізімін бекіту кірді.
Бүгінде Астана қаласында 300-ге жуық ҮЕҰ-дар ресми тіркелген. Олардың 180-ге жуығы нақты жұмыс істесе, 80-нен астамы - қалалық әкімдікпен тығыз қарым-қатынаста қызмет етеді. Сондай-ақ қазір ҮЕҰ мемлекеттік қаржылық қолдауға ие болып отыр. 2008-2009 жылдары елорда әкімдігі мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында қалалық ҮЕҰ-ға жергілікті бюджеттен 256 миллион теңге бөлді. Нәтижесінде қаламызда 100-ден астам әлеуметтік маңызды жобалар іске асты.
Форум барысында Астана қаласынан ІV Азаматтық форумына қатысатын делегаттар тізімі бекітілді. Олардың қатарына 20 ҮЕҰ жетекшілері кіріп отыр. Сондай-ақ басқосуда Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжанов елорда басшысының атынан бірқатар ҮЕҰ жетекшісіне алғыс хаттарын тапсырды.