Елордада ұлт патриоттары ұлықталды

Атап айтқанда, «ЖАН ЖҮРЕГІМ, ҚАЗАҚСТАН!» аталымында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығы» АҚ» Ұлттық медициналық холдингтің басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас нейрохирургы, жоғарғы «Платиналық Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Әлемнің қамқорлы дәрігері» және «Алтын адам - Қазақстанның жыл адамы» құрметті атақтарының иегері, отандық медицинаны дамытудағы ерен еңбегі үшін Серік Ақшолақов, отандық кино саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Жаужүрек мың бала» фильмінің режиссері Ақан Сатаев, «WordPress», «Joomla», «Mamba» және «Группал» атты контентті басқарудың әлемдік 4 жүйесін мемлекеттік тілге аударғаны үшін Қазақстанның интернет қауымдастығының атқарушы директоры - Әсет Нұрпейісов марапатталды.
Ал «АСҚАҚ АЗАМАТТЫҚ» аталымында қайырымдылық акциялар мен мұқтаждарға әлеуметтік көмегі үшін Тараз қаласының «Мейірім» медициналық орталығының директоры - Гүлдара Нұрымова, балабақшаларды, мектептерді, мәдениет және басқа да қоғамдық ғимараттарды қалпына келтіру ісімен өңірдегі өскелең ұрпаққа қамқорлығы үшін Қызылорда облысының кәсіпкері - Абзал Иралиев, 40 жылдық донорлықта 500 литр қанын тапсырған Қазақстан Республикасының құрметті доноры - Александр Скаковский, қарулы қарсылық көрсеткен қауіпті қылмыскерлерді тұтқындау бойынша арнайы операция кезінде батылдық пен қайсарлық танытқаны үшін Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» арнаулы отрядының шабуылшысы, полиция капитаны - Бағдат Дүйсенов құрметтелді.
«ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ҚАЗАҚСТАН» аталымында Қазақстан Республикасының олимпиадалық құрама командасы марапатталады, белгі - команда капитаны, екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері - Серік Сәпиевке беріледі. Сондай-ақ шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы, әлемнің ең жас гроссмейстері - Жансая Әбдімәлік, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, 2003 жылғы Жас орындаушылар халықаралық конкурсының жеңімпазы, Хариклеи Даркле атындағы Халықаралық вокалистер конкурсы Гран-приінің, «ХХI ғасырдың өнері» атты халықаралық конкурсы Гран-приінің, М.Глинка атындағы Халықаралық вокалистер конкурсы бірінші сыйлығының, атақты тенор Иван Козловскийдің арнайы сыйлығының, Халықаралық вокалистер конкурсының «Болашақтың үздік дауыстары» атты сыйлығының иегері - Медет Шотабаев марапатталды.
Сонымен қатар «БИІККЕ САМҒАҒАН ҚАЗАҚСТАН» аталымында Қазақстанда алғаш рет науқас жүректі жасанды жүрекке ауыстыру бойынша ота жасағаны үшін «Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы - Юрий Пя, әлемдегі барлық 14 «сегіз мыңдықтарын» бағындырған, Қазақстан Республикасы альпинистер құрамасының капитаны, биік кластағы альпинизм бойынша ТМД ашық чемпионатының жеңімпазы - Мақсұт Жұмаев, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің (Wisconsin Madison) түлегі, «Назарбаев Университеті» грантының иегері, «Назарбаев Университеті» студенттер үкіметінің вице-президенті, «Астана - біздің жүректеріміз бірге соқсын» атты қайырымдылық қозғалысының еріктісі - Дина Асқарова марапатталды.