Елордада Ұлы дала ұландары атты көрме ашылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығы мен қазақ батырлары Хиуаз Доспанова, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала ұландары» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрме «Қазақстан жолы» жобасының аясында ұйымдастырылды.
Экспозицияда Ұлы дала батырлары институтынан бастау алған қазақ сарбаздарының жауынгерлік ерліктерінің көп ғасырлық тарихын бейнелейтін тарихи, мәдени артефактілер ұсынылған.
Тарихи жадты сақтау, оның мұрасын қазақстандықтардың жас, болашақ ұрпақтарының зердесінде қайта жаңғырту – экспозицияның басты міндеттерінің бірі.
«1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл уақыттың ішінде біздің әскер толықтай қалыптасып, мемлекет тәуелсіздігі мен тұтастығының тірегі мен басты кепіліне айналды. Қазір біз куә болып отырған жаһандық ахуал мен геостратегиялық тұрақсыздық тұсында әскердің рөлі артып келеді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінде Қазақстан Қарулы күштерін одан әрі жаңғырту мен қайта жарақтандыруға бағытталған ауқымды реформа басталды», - деп Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат көрмені ашты.

Кітапхана жинағының материалдары әскери қауіпсіздік саласындағы тарихи мұраны қайта жаңғыртып, қазіргі заманғы Қарулы күштерді құру призмасын, кешегі және бүгінгі батырлардың ерліктері арқылы қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің ретроспективті көрінісін қалыптастырады.
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына Ұлы Отан соғысы қаһармандарының өмірбаяны мен Қарулы күштердің тарихын дәріптейтіні үшін алғыс айтамын. Осындай іс-шаралардың арқасында біз жастардың бойында отансүйгіштік сезімін оятуға мүмкіндік алдық», - деді Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің генерал-лейтенанты Бақытжан Ертаев.


