Елордада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған көрме ашылды.
Астана қалалық мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған көрмеде Ақмолада жасақталған атқыштар дивизияларының жауынгерлеріне қатысты құжаттар алғаш рет қойылып отыр. Бағалы жәдігерлер РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан алынған. Аталған құжаттардың барлығына "құпиялық" белгісі қойылып, ол 2003-2009 жылдарда ғана өз күшін жойған болатын.
Көрменің ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйлеген Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников елімізде Ұлы Отан соғысы, онда ерлік көрсеткен батырлар қасиетті құндылық ретінде бағаланатындығын атап өтті.
"Бүгін біз Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың ерліктерін паш ететін құнды құжаттарды көреміз. Бұл әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстың маңызын өзгертуге тырысып, тарихты бұрмалауға талпынысты байқап отырған кезеңде өте маңызды", деді Елші.
Сонымен, сол бір сұрапыл жылдары Ақмолада 3 әскери құраманың штабтары орналасқан. Онда 310-шы, 387-ші және 29-шы атқыштар дивизиялары жасақталып, майдан шебіне жіберілді. Осыған орай көрмеде Ақмолада өткізілген әскери-ұйымдастыру жұмыстарына, сол кезеңдегі қала экономикасына, тылдағылардың майданға көрсеткен көмектеріне қатысты құжаттар қойылған. Мәселен, көрмедегі құжаттарға сәйкес қала жұртшылығы арнаулы танк колоннасы мен авиаэскадрилья жасақтауға 4 миллионға жуық қаржы жинаған.
Сондай-ақ көрмеден ақмолалық жауынгерлердің мұрағат қорына тапсырған әскери кітапшаларын, Бас қолбасшының алғыс хатын, солдаттардың үшбұрышты хаттарын, фотосуреттерді көруге болады.