Елордада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Отан үшін отқа түс - күймейсің» атты көрме ашылады
Көрмеге 1941-1945 жылдардағы соғыста әрбір қала үшін кескілескен ұрыстардан ақпарат беретін, Қазақстаннан аттанған жауынгерлердің ерліктері жайлы баяндайтын материалдар қойылады. Олар мынадай: «Ұлы Отан соғысының басталуы», «Брест қамалы», «Мәскеу түбіндегі шайқас», «Сталинград түбіндегі шайқас», «Ленинград блокадасы», «Шығыстың қос шынары», «Рейхстагқа ту тігу», «Жеңіс шеруі», т.б. тақырыптық 15 планшеттен тұрады.
«Іс-шараның мақсаты - елін, жерін жаудан жан аямай қорғаған аға буын өкілдерінің ерліктерін үлгі ете отырып, жастарды отан сүйгіштікке баулу, үлкенді сыйлауға, бабалар тілегі болған, қаншама құрбандықпен қол жеткен тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білуге тәрбиелеу, Қазақстанның келешегі үшін аянбай еңбек етуге шақыру», делінген баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ көрмеге мұражай қорынан Ұлы Отан соғысында пайдаланылған қару-жарақтары, жеңіске жету жолындағы Армия генералы Бағадүрбек Байтасовтың, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың, партизан жазушы Әди Шәріповтың, ұшқыш Константин Грязновтың жеке заттары, әскери киімдері қойылады. Майданнан келген хаттардың, майдандық құжаттардың түпнұсқасы, жауынгерлердің соғыста пайдаланған ыдыстары, келушілер назарына ұсынылады.
Іс-шараға ҚР Мәдениет министрлігінің өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Барлыбай Табешов, Петр Комиссаров, Ахат Бекмади, Қондыбай Жексенбаев, Астана қаласының № 40 және №10 орта мектеп оқушылары, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.
Көрме мамырдың 17-іне дейін жалғасады.