Елордада Үндістан мен Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 2-кездесуі өтіп жатыр

Сыртқы саясат
Фото: Фото: Адлет Беремкулов/ Қазақпарат

Елордада Үндістан мен Орталық Азия елдерінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері мен Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының екінші кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Іс-шара барысында еліміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуге қатысушыларға құттықтауын оқып берді.

«Орталық Азия-Үндістан» Мемлекет басшыларының бірінші саммитінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту біздің өзара іс-қимылымыздың басты басымдықтарының бірі ретінде белгіленген еді. Елдеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерінің екінші кездесуі осынау өзекті міндетті жүзеге асыруға маңызды үлес қосады. Қазақстан ШЫҰ саммитінде әділетті әлем мен келісім үшін әлемдік бірлік туралы бастама көтерді. Онда ұсынылған қауіпсіздіктің жаңа парадигмасы жаһандық оңтүстік пен жаһандық солтүстік арасындағы ашық диалог ұстанымдарына негізделген. Біздің өңірлік деңгейдегі ынтымақтастығымыз бүкіл Евразия кеңістігіндегі өзара іс-қимылды дамытуға септігін тигізеріне сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті құттықтауында.

Мемлекет басшысы біздің мемлекеттердің алдында шоғырландырылған күш-жігерді талап ететін бірқатар жалпы өзекті сын-тегеурін тұрғанына назар аудартады. Олардың қатарында халықаралық терроризм, экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс бар.

кездесу
Фото: Адлет Беремкулов/агентство Kazinform

 

«Аталған тәуекелдер көп жағдайда Ауғанстандағы әскери-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты. Ортаазиялық мемлекеттер мен Үндістан күш салатын бірлескен күш-жігердің маңызды нүктесі азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бола алмақ. Қазақстан АӨК өнімдерін жеткізудің өңірлік хабын құру үшін қажетті ресурстар мен инфрақұрылымға ие. Өзге де салалар сияқты бұл бағытты дамыту көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Қазірдің өзінде Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы транзиттік тасымал жүйесінде маңызды буын саналады. Орталық және Оңтүстік Азия өңіріндегі көлік байланысы мәселесін шешу біздің жан-жақты ынтымақтастығымызды сапалы жаңа деңгейге шығаруға қабілетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент үнемі ақпарат пен сараптамалық бағалаулармен, оның ішінде өңірлік қауіпсіздіктің архитектурасына қатысты жаңа әдістермен алмасу маңыздылығына тоқталды.

«Жалпы, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан ары тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін мығым іргетас қалаймыз. Осындай форматтағы көпжақты диалог қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге үнқату бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру үшін лайықты алаңға айналарына сенімдімін», - деп түйіндейді Мемлекет басшысы құттықтауын.

Соңғы жаңалықтар