Елордада ҰОС жеңісінің 70 жылдығына арналған «Жеңіс туы желбірей берсін» атты акция өтті - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Қазақстан» концерт залында «Жеңіс туы желбірей берсін» деген атпен арнайы акция болып өтті. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шараға басқалармен қатар қазақстандық шекарашылар да белсене қатысты, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Негізінен оған орта мектептердің 10-11-сынып оқушылары, кәсіби-техникалық, жоғары оқу орындарының студенттері, әскери-патриоттық тәрбие клубының өкілдері, алғашқы дайындық пәнінің мұғалімдері, барлығы 2000-ға жуық адам шақырылды.
Шекара қызметі ұйымдастырған көрмеге түрлі атыс қарулары, сарбаздар киетін арнаулы әскери киім-кешектер, сондай-ақ шекарашылар қызмет барысында қолданылатын арнаулы құралдар қойылды. Сондай-ақ, құрметті қарауыл ротасының қимылы, үрмелі оркестрдің концерті және патриоттық әндер қойылымы жастарға қайталанбас әсер сыйлады.
Іс-шараның басты мақсаты жастарды қазақстандық әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, халқымызды біріктіретін жалпыұлттық құндылықтарды, насихаттау және жасөспірімдер алдында әскери қызметтің беделін көтеру болып табылады.