Елордада ұрлық азайды - полиция

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың 9 айында ұрлықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 53,8%-ға азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

2019 жылдың осы кезеңінде қала аумағында 7989 ұрлық тіркелсе, биыл оның саны 3693-ке дейін төмендеген.

Астаналық Полиция департаментінің басшысы Ержан Саденов бөтен адамның мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл туралы айтып, ұрлықтың статистикасына қатысты мәліметтер берді.

«Пәтер мен автокөлік тонау екі еседен аса азайды. Автокөлік салонына ұрлыққа түсу жағдайы 30,3%-ға төмендеген. Қалта ұрыларының саны төрт есеге қысқарды. 2019 жылдың тоғыз айында астанада 1143 қалтаға түсу әрекеті тіркелсе, 2020 жылдың осы кезеңінде 300 оқиға анықталған», - деп атап өтті департамент басшысы Ержан Саденов.

Ұрыларды табу мен ұрлық санының азаюына полиция жүргізіп жатқан алдын алу шараларының ықпал зор.

Ұрлықтың алдын алу мақсатында «Пәтер», «Саяжай», «Автокөлік» тексеру шаралары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Қала сыртындағы Көктал, Оңтүстік-Шығыс, Үркер, Лесозавод, Силикатный, Ильинка ауылы, «Газовая аппаратура» маңында ұрлықты ашу мақсатында барлау жұмыстары жүргізіледі. Вокзал маңында, «Астаналық базар», «Есіл», «Бейбарыс» сауда үйі маңдарында күдікті адамдарға тексеру жұмыстары ұйымдастырылған.

2020 жылдан бастап ғимараттың ішіне кіріп ұрлық жасауды ауыр қылмыс қатарына жатқызды. Енді мұндай қылмыс жасаған азаматтар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

2020 жылдың 10 айында полиция қызметкерлері елорда аумағынан 243 қылмыс жасаған 82 қылмыстық топты қолға түсірді.


Соңғы жаңалықтар