Елордада үй карантинін бұзатындар саны артып тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада үй карантинін бұзатындар саны артып тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада үй карантинін бұзатындар саны артып тұр

«Елордада үй карантинін бұзушылар санының артқанын атап өткім келеді. Осы жылдың басынан 10 ақпанға дейін «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарда үй карантинін бұзған 6 476 келуші анықталды. Оның ішінде 6 398 келушінің «қызыл», ал 78 адамның «сары» мәртебесі болған», - деді Сархат Бейсенова елорда әкімдігінде ұйымдастырылған брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, бұл статистика өкінішке қарай көптеген адамның өзіне, денсаулығына, төңірегіндегі жандарға жауапкершіліксіз қарайтындығын көрсетеді.

«Карантин мен оқшаулану режимін сақтау – әр адамның жауапкершілігі. Әсіресе, бизнес субъектілерінің біз ұсынған карантин шараларына барынша жауапкершілікпен қарап, оны сақтауы өте маңызды», - деді елорданың бас санитар дәрігері.