Елордада үздік IT жобалар таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев орталығында «Method PRO» бағдарламасының үздік ІТ-жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осымен екінші жыл ұйымдастырылған жазғы IT-бағдарлама тағылымдамасында жастар индустрияның үздік мамандарынан кәсіби ІТ-білім алу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылдың нәтижесі бойынша, студенттер әзірлеген 4 жоба өндіріске енгізілді, жастар 3 миллион теңгеден астам табыс тауып сонымен қатар ірі ұлттық компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Биылғы «Method PRO» бағдарламасына 15 мемлекеттен 1000-нан астам өтінім келіп түсті. Конкурстық іріктеудің нәтижесі бойынша, маусым-маусымда Астана мен Алматы қалаларында 200 адам ІТ-тағылымдамадан өтті. Жобаға қатысушы жастар оқу барысында 2 топқа бөлінді: бағдарлама және зерттеу жасайтын IT-топ және маркетинг, дизайн және менеджментті зерттейтін Non-IT тобы. Қатысушылар мобильді және веб-әзірлеме, машиналық оқу және Вig Data, маркетинг және бизнес-талдау бойынша практика жинады.
Соның нәтижесінде жас әзірлеушілер 8 миллион теңгеден астам табыс тапты және оларға ірі отандық компаниялардан жұмысқа орналасу үшін 30 ұсыныс келіп түсті.
«Әлемде бүгінгі күні осындай тағылымдаманың аналогы жоқ. Келешекте біз қатысушылар мен серіктес - компаниялардың географиясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Елбасы қоры әрқашан дарынды жастарға қолдау көрсетеді. Жастарымыз біздің бағдарламамыздың арқасында өздерінің потенциалын іске асыра алатынына қуаныштымыз», - деп атап өтті ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.