Елордада үздік медбикелер марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының №1 ауруханасында Халықаралық медбике күніне арналған салтанатты жиын өтті. Осымен 5 жыл қатарынан елордада аталмыш күн мерекеленіп келеді. Шараға Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.

Елордада үздік медбикелер марапатталды

Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты хабарлады.

Медицина саласындағы жетістіктер үшін 100 астам медбике марапатталды. Үйлестіру кеңесінің төрағасы Зәуре Хасенованың айтуынша, үздіктерді анықтау мақсатында өткізілген сайысқа елордадағы 37 медицина мекемесінен 3 медбикеден ұсынылды. Жеңімпаздар осы саладағы еңбек өтілі мен қызметіне сәйкес бағаланды.

«Басты мақсат - медицина саласындағы қызметкерлердің деңгейін көтеру. Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін мықты медбикелерді даярлау қажет. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлеріне Мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілуде», - дейді Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Үйлестіру кеңесінің төрайымы Зәуре Хасенова.

«Мен №2 қалалық ауруханада бас медбике болып істеймін. Еңбек өтілім - 33 жыл. Бүгін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалімен марапатталдым. Балалар ауруханасына бар өмірімді арнадым десе де болады», - №2 қалалық аурахананың медбикелік күтім бөлімінің жетекшісі Бақыт Бекішева.

Марапаттау рәсімінен кейін мамандарға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.