Елордада Ванкувердегі Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсеткен қазақстандық шаңғышылардың құрметіне орай жарыс өтті
Елімізің Спорт және туризм министрлігі Туризм мен Спорт комитеттерінің «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесе ұйымдастырған спорттық шараға аталған ведомствоның қызметкерлері қатысып, қыздар 1 шақырымдық, ерлер 2,5 шақырымдық жарыс жолына шықты.
«Бүгінгі спорттық іс-шара Канаданың Ванкувер қаласында аяқталуға жақын қалған қысқы Олимпиада ойындарында тамаша өнер көрсеткен шаңғышыларымыздың құрметіне және Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында айтылған бұқаралық спорт түрлерін дамыту тапсырмасына орай өткізіліп отыр», деді Спорт комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашев.
Оның айтуынша, аталған Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болған Елена Хрусталеваның келесі қысқы Олимпиада ойындарына қатысуы жайында айтуға әлі ертерек. Дегенмен, бұл спортшыға 2011 жылы елімізде өтетін қысқы Азия ойындарында мол сенім артылып отыр.
Бәсекелі жарыста бақ сынаған 100-ге жуық шаңғышының жүлделі орынға іліккендері Ұлттық командалардың штатты дирекциясының арнайы әзірлеген сыйлықтарымен, грамоталармен марапатталды.