Елордада VI Астана экономикалық форумы аясында инновациялық жобалар көрмесі ашылды
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында VI Астана экономикалық форумы аясында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен инновациялық жобалар көрмесі ашылды. Шараны ҚР «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ ұйымдастыруда.
«Көрмеде 15 еуропалық технология және 20 қазақстандық инноватордың технологиялары бар. Біз осы көрме арқылы Қазақстан кәсіпкерлеріне Еуропаның технологияларын таныстыруды мақсат тұттық. Сонымен қатар Еуропадан келген әріптестерімізге Қазақстанда да өте жақсы технологиялар бар екендігін көрсетуді межелеп отырмыз», - деді аталған агенттік басқармасы төрағасының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазин.
Екі бөлімнен тұратын көрменің біріншісінде Қазақстанның инновациялық даму институттарының жұмыстары көрсетілсе, екіншісі еуропалық технологияларға арналған.
Айта кетерлігі, мұндай көрме ТМД аумағында алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтуде.