14:28, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Елордада жалақы бойынша берешегі бар 17 компания анықталды
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жұмыстан босатылғандар экономиканың басқа секторларында жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әкімнің айтуынша, елордада 2008 жылдың бірінші жартысында еңбек нарығында жұмыстан 5 мыңға жуық адам босатылды.
Жұмыстан босатудың негізгі бөлігі құрылыс саласында орын алғанына тоқталған И. Тасмағамбетов, олардың 90 пайызы Қазақстанның басқа өңірлері мен шетелден келген азаматтар екенін жеткізді. «Ал қалған 10 пайызы экономиканың басқа секторларында жұмысқа орналастырылды. Атап айтқандай жұмыссыздықтың өсу қарқыны қалада байқалған жоқ», - деді әкім.
Елордада орта және ірі кәсіпорындарда жалақы бойынша берешек көбейгенін жеткізген ол, осыған байланысты бұндай компаниялардың мәселесін шешу үшін әкімдік тарапынан ведомствоаралық комиссия құрылғанын айтып өтті. Жалпы, жалақы бойынша берешегі бар 17 компания анықталған. Оның ішінде бір компанияның жұмысы тоқтап қалды. Компанияның жалақы қарызы 5 миллион теңгеге жуық қаржыны құрайды.
«Басқа компаниялармен тиісті жұмыстар жасалуда және олардың жалақы берешегін қысқартатын боламыз», - деді И. Тасмағамбетов.