Елордада жалдамалы пәтерді қайта жалға беріп келген алаяқ ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда полициясы жалдамалы пәтерге қатысты алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада жалдамалы пәтерді қайта жалға беріп келген алаяқ ұсталды


Polisia.kz порталының мәліметінше, полицияға елорда тұрғыны жүгініп, жалдамалы пәтермен байланысты алаяқтық фактісін хабарлаған.Тергеу амалдары барысында полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласына таяуда ғана келген күдіктігіні - 27 жастағы Қызылорда облысының тумасын ұстады.

«Күдікті пәтерді бірнеше күнге жалдап, одан кейін оны зардап шегушіге 110 мың теңгеге ұзақмерзімге жалға берген. Қазіргі уақытта оның жалпы сомасы 400 мың теңгеден асатын дәл осындай 5 факті бойынша пәтерді үшінші тұлғаға жалға беру алаяқтығы дәлелденіп жатыр. Ұсталған күдікті уақытша оқшаулағышқа қамалды, тергеу жүргізілуде. Оның елорда аумағында жасалған дәл осындай қылмыстарға қатысы тексерілуде», - делінген таратылған ақпаратта.