Елордада жалпықалалық сенбілікте 5 мыңнан астам көшет отырғызылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы сенбі күні Астана қаласының барлық аудандарында жалпықалалық сенбілік өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Атап айтқанда, «Сарыарқа» ауданында 18 сәуірде 133 ПИК, 7 ЖОО, 17 орта кәсіптік білім мекемелері, 23 денсаулық сақтау мекемесі, 33 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 32 орта мектеп, 6 министрлік, ведомстволар мен ұлттық компаниялар, 28 қалалық басқарма, 20 құрылыс ұйымы, 2 мың шағын және орта бизнес объектісі және аудан тұрғындары қатысады. Агротехникалық және Медициналық университеттердің студенттері, министрліктердің, агенттіктер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері Н. Тілендиев даңғылы мен Алаш тас жолының бойында бекітілген аймақтарды қоқыстардан тазартады.
Сонымен қатар, балабақшалар мен мектеп қызметкерлері 18 сәуірде аталмыш ауданда Н. Тілендиев даңғылының бойында Ақан сері көшесінен бастап Медеу көшесіне дейін 231 пирамидалық терек, Ақан сері көшесінде 84 ағаш және 216 түп көшет отырғызады. Жалпы ауданда 531 түп көшет егіледі.
Экологиялық айлық аясында ауданда заңсыз қоқыс төгілетін жерлер жойылады. Одан өзге жалпықалалық сенбілік кезінде 100 дана техника, нақтырақ айтқанда, 80 жүк көлігі мен 20 жүк тиегіш көлік тартылады. «Астана Зеленстрой» АҚ жұмысшылары саябақтар, алаптарды тазалап, ағаш бұтақтарын кеседі.
Бұл күні «Есіл» ауданының әкімдігі де өз аумақтарында экологиялық айлық аясында сенбілік өткізеді. Аудан 8 учаскеге бөлінген, ол жерде 20 мердігерлік ұйым санитарлық тазарту бойынша жұмыс істейді, соның ішінде «Астана Зеленстрой» АҚ 2 коммуналдық мекемесі мен «Астана Тазалық» ЖШС ұжымдары бар. Олардың күшімен сенбілікке 120 жүк тиегіш техника, 78 жүк көтергіш көлік пен еріген қар суын соратын 39 көлік тартылады.
Күн сайын ауданда көлемді қоқыстарды шығару бойынша жұмыстар атқарылады. Экологиялық айлық аясында «Есіл» ауданы әкімінің аппараты табиғатты қорғау полициясымен бірлесе отырып күнделікті белгіленбеген жерге қоқыс тастау бойынша рейдтік шаралар өткізеді.
Аталмыш ауданда сенбілік кезінде 1925 түп көшет отырғызылмақ. Бүгінгі таңда «Астана Зеленстрой» АҚ көшет отырғызу орындарын даярлауда.
Ал, «Алматы» ауданында 8 квартал мен 31 сектор бар. Жалпықалалық сенбілікте жиналған қоқысты игеруге 240 техника, соның ішінде 170 жүк көлігі, 70 жүк тиегіш техника жұмылдырылу жоспарланған. Жалпықалалық сенбілік аясында 3000 түп ағаш отырғызылып, аудан көшелеріндегі, саябақтар мен шағын бақтардағы отырғызылған ағаш түптерін әктеу жұмыстары жүргізіледі.