Елордада Жамбыл, Атырау және БҚО ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таңертеңнен бері «Мега» СОО алдындағы алаңда Жамбыл, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.

Елордада Жамбыл, Атырау және БҚО ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

Апта сайынғы жәрмеңкеде тауар өндірушілер 850 тоннаға жуық өнім ұсынады. Елорда тұрғындары мен қонақтары ет, сүт өнімдерін, көкөніс, сондай-ақ балықты нарықтық бағадан 15-20% арзан сатып ала алды.

«Қалыптасқан дәстүр бойынша күзгі көкөністі, сүт өнімдерін, ет өнімдерін, балық өнімдерін Астана қаласының жәрмеңкесіне әкелдік. Бұл жолы біз 48 тонна балық, 10,5 тонна ет, 80 тонна көкөніс, 100 мың жұмыртқа және т.б. көптеген тағам өнімдерін алып келдік. Әсіресе, ерекше атап өтетінім, сүт және сүт өнімдерін мол алып келдік. Оның ішінде Қазақстанда алғаш рет шыға бастаған ешкі сүті өнімдерін, оның ішінде ірімшік, қаймақ, және т.б. бұрын жәрмеңкеге түспеген тағадарды алып келіп жатырмыз. Сұраныс өте күшті, халық риза, ауа-райы да жақсы болып тұр. Айта кетейін, тамақтың бағасы едәуір төмен»,-дейді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та Батыс Қазақстан облысынан 7 тонна балық және балық өнімдері, 17 тонна ет және ет өнімдерін, жеміс-көкөніс әкелінгенін айтты. Шара дәстүрлі түрде жалғасып келе жатыр.

Сондай-ақ жәрмеңкеде Атырау және Батыс Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды, деп хабарлайды astana.kz.