Елордада жаңадан құрылған Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы алғашқы басқосуын өткізді

АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Президенттік Мәдениет орталығында жаңадан құрылған Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы (ҚТӘМ) алғашқы басқосуын өткізіп, «Қазақ тілін оқытудың инновациялық технологиялары» тақырыбында семинар өткізді,

Елордада жаңадан құрылған Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы алғашқы басқосуын өткізді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа қоғамдық құрылым Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының бастамасымен және қолдауымен өткен жылы құрылды. Оның Қамқорлық кеңесінің мүшелігіне ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, Президенттік қор мен Астана қалалық білім басқармасының өкілдері енді.

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры директорының орынбасары Серік Ерғалидің атап көрсеткеніндей, бүгінде тек пән ретінде оқытылып отырған қазақ тілін - қарым-қатынас құралына айналдыратын кез жетті. Ал оны коммуникативті құрал ретінде дамыту үшін бұл салаға мұғалімдерді даярлаумен шектелу - жеткіліксіз. Сондықтан Қауымдастықтың нысаналы тобы ретінде мұғалімдер, оқушылар (қазақ және орыс тілді) және ата-аналар алынып отыр.

ҚТӘМ Қауымдастығының негізгі мақсаты - қазақ тілінің күнделікті ортада қолданылу аясын кеңейту мақсатында балалардың өздері мен ұстаздардың ұсынған жаңашылдық технологиялары мен әдістеріне, озық инновациялық идеяларына қолдау көрсету, сондай-ақ - мемлекеттік тілді меңгермеген оқушылардың ата-аналарымен жұмыс жасау болып табылады.

С.Ерғалидің айтуынша, Қазақстанда орыс тілді және ағылшын тілді мұғалімдердің Қауымдастықтары біршама уақыт бұрын құрылып қойған. Солай олар туындаған проблемаларын жұмыла шешіп, құзырлы органдардан қолдауларын қиындықсыз тауып келеді. Ал қазақ тілді мұғалімдер өз проблемаларымен жеке қалып, тілді үйретуге түйіткілдерді өз беттерімен шешіп отыр.

«Сондықтан, тілдік ортаны кеңейту мәселесін бірігіп қолға алуымыз керек. Қазақ тілін пән ретінде ғана оқытпай, сол халықтың мәдениетін сіңірумен байланыстыру қажет. Сол себепті қазір тілді үйретудегі стратегиялық бағытымызды өзгертуіміз керек», - дейді С.Ерғали.

Ал стратегиялық бағытты өзгерту - Қауымдастықтың нысаналы топтары үшін, әсіресе мұғалімдерге дөңгелек үстелдер мен семинарлар ұйымдастырып, олардың творчестволық әлеуеттерінің ашылуына жол беру арқылы қолға алынбақ.