Елордада жаңажылдық ертеңгіліктер қалай өтеді – санитар дәрігер түсіндірді
«Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында жаңажылдық ертеңгіліктерді топтық оқшаулауды қатаң сақтаған жағдайда – әр топ үшін жеке өткізуге рұқсат етіледі. Яғни, қандай да бір жаңажылдық іс-шараларды өткізу үшін топтарды біріктіруге жол берілмейді. Үй-жайларды кейіннен желдету арқылы міндетті түрде ылғалды тазалау жүргізіледі», - деді Сархат Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингте.
Спикердің айтуынша, аниматорлар мен бөтен тұлғаларды шақыруға және ата-аналардың қатысуына тыйым салынады.
«Мектеп ертеңгіліктеріне келсек, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, мектептерде бұқаралық іс-шаралар өткізуге болмайды, ата-аналардың баруына да рұқсат жоқ. Сондықтан біз жаңажылдық мерекелерді әр сынып үшін жеке-жеке сынып сағаты түрінде өткізуді ұсынамыз», - деп қорытындылады дәрігер.