Елордада жапон суретшілерінің көрмесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде 3 наурызда жапон суретшілерінің «Бес суретші - бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық» көрмесі ашылады.
Көрмеде Мията Рехей, Митамура Арисума, Сайто Норихико, Мизогучи Бокудо, Кавачи Кунпей секілді суретшілердің жапон ұлтының болмыс-бітімінен хабар беретін шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылады.
Атап айтсақ, нихонг суреттері, жапон каллиграфиясы, тушьпен салынған суреттер, шағын мүсіндер мен лакталған туындылар, бас-аяғы 37 жұмыс қамтылған. Осы туындылар арқылы жапон мәдениетінде ерекше орын алатын жер, су, от, ағаш және металдың құпия мәндері таныстырылады.
Көрмеге Қазақстандағы Жапония елшілігі демеушілік жасап отыр. Нәтижесінде Ұлттық музей мен Жапонияның көркем өнер мекемелері арасындағы рухани тәжірибе сабақтастығы қалыптасады деп күтілуде.
Айта кетейік, аталған көрме наурыз айы бойы жұмыс істейді.