Елордада жас ақындар мүшәйрасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Тілдерді дамыту басқармасы, «Руханият» орталығы және Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы бірлесіп 2014 жылғы 12 қыркүйек күні сағат 16.00-де «Думан» қонақүй кешенінің «Парламент» конференц-залында Қазақстан халқы тілдерінің ХVІ қалалық фестивалі аясында Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына арналған «Өнер алды - қызыл тіл» жас ақындар мүшәйрасын өткізеді. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Елордада жас ақындар мүшәйрасы өтеді

Жыр мүшәйрасының басты мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастар арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және көпшілікке ұлттық поэзия ізін жалғар өскелең ұрпақтың шығармашылық өнерін паш ету.

Кеш барысында алдын ала іріктелген жас ақындар патриоттық және еркін тақырыптағы туындыларын оқиды, дәстүрлі әндер шырқалып, эстрада әуендері айтылады, қазақ күйлері шертіледі. Мүшәйра кешін белгілі ақын Қалқаман Сарин жүргізеді. Сонымен қатар, мүшәйра қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, арнайы жүлделер мен дипломдар тапсырылады. Жыр додасына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғара, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлов, «Астана» радиосының редакторы, жас ақын Ербол Алшынбай қазылық етеді.

Кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, жастар және т.б. қатысады деп күтілуде.