Елордада жас қызметкерлер ант қабылдады
деп хабарлады Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінен Әйгерім Мұханова.
Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталған бұл салтанатты шараға Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дмитрий Квашук, Кадр жұмысының басқармасы Атақозы Нұрланов, Ішкі істер органдарының ардагері Қадан Бекенов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Танабергенов және елордалық гарнизонның жеке құрамы қатысты.
«Ішкі істер департаментінің мұражайында мұндай шара жиі өткізіледі. Өйткені жаңадан қызметке қабылданып, ұлы мақсаттармен қанаттанып келген ұл-қыздарды Департамент басшылығының тік тұрғызып, ант қабылдауының өзі жастарға үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Қызметіне деген адал болуына септігін тигізеді», - дейді Ә.Мұханова.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Танабергенов болашақ сақшыларға сәт сапар тілесе, Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Дмитрий Квашук биік белестерден көрініп, Отанына адал қызмет ететін азамат болып шығуларына тілек білдірді.
Сонымен қатар ішкі істер органдарының ардагері Қадан Бекенов сөз алып, полиция қатарына келген жастардың қызметіне адал, сертіне берік болуға шақырды.