Елордада жасалатын әрбір екінші қылмыс ұрлықпен байланысты - И. Тасмағамбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жасалатын әрбір екінші қылмыс ұрлықпен байланысты. Бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осылай мәлім етті.

Елордада жасалатын әрбір екінші қылмыс ұрлықпен байланысты - И. Тасмағамбетов

«Астана бүгінгі күні республика аумағында көші-қон ағыны ең қарқынды орын алып отырған бірден бір қала. Бас қала болғаннан кейін ел халқының елордаға ұмтылуы да түсінікті. Дегенмен, қала халқы санының өсуі көптеген әлеуметтік проблемаларды тудырып отыр. Соның ішінде қылмыс мәселесі аса өзекті. Біздегі деректер бойынша қылмыстық оқиғалардың дені сырттан келгендердің үлесіне тиеді», - дейді елорда әкімі.

Оның айтуынша, көші-қонның жоғары қарқыны бірқатар жағымсыз факторлар тудырады.

«Біріншіден, елордаға келген азаматтардың басым бөлігі материалдық та, әлеуметтік базаға да ие емес. Қажетті біліктіліктің жоқтығынан оларға жұмыс табу оңайға соқпайды. Жұмыс тапса да оның жалақысы мардымды болмайтыны айқын. Өз кезегінде бұндай мәселе мигранттарды ұсақ қылмыстар жасауға итермелейді. Сараптауларға сүйенсек, сырттан келгендердің үлесіне тиетін орташа және аса ауыр емес қылмыстар көрсеткіші Астанада жасалатын қылмыстардың 90 пайызын құрайды. Мәселен, елордадағы қылмыстардың көрсеткішінде ұрлық жалпы статистиканың 56,9 пайызын құрайды және бұл әрбір екінші қылмыстың ұрлықпен байланысты екенін білдіреді. Ал 2009 жылға дейін жыл сайын Астана қаласында 1,5 мың ұрлық қылмысы тіркеліп келген болса, 2012 жылы бұлардың саны 14 мыңға жетіп отыр. Әрине, сонда екі-үш жыл ішінде қалаға тұруға келгендердің басым бөлігі баукеспе, қылмыскер болып кеткен жоқ қой. Осының өзі көші-қон үдерісінің елордаға тигізіп жатқан «ықпалын» аңғартады», - деді И. Тасмағамбетов.