Елордада жасөспірім қыздарға папиллом вирусына қарсы екпе жүргізіледі

None
None
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап жасөспірім қыздарға папиллом вирусына қарсы вакцина егілетін болады,

деп хабарлады astana.kz сайты Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасында Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сәйкес 11-12 жас аралығындағы жасөспірім қыздарға папиллом вирусына қарсы вакцина егілетін болады. Вакцина егу үш кезеңнен тұрады. Аталған папиллом вирусына қарсы егу жұмыстары мойын мен жатыр ісігін алдын алу мақсатында жүргізілуде.

«Бұл вакцина Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде сәтті жүзеге асуда. Біздің елімізде әйел адамдарды тексерістен өткізу кезінде әрбір үшінші адамнан папиллом вирусы табылған. Бұл ауыр сырқаттың кеңінен таралуы қаупі бар екендігін көрсетеді. Осыған орай жасөспірім қыздарды егу жұмыстары тегін жүргізілуде»,- делінген хабарламада.

2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында мойын және жатыр ісігі бойынша есепте тұрған әйелдер саны 9965-ке жеткен. Жыл сайын 1500 әйел сырқаттың осы түріне шалдықса, 650 әйел осы диагноз бойынша қайтыс болады. Мойын, жатыр ісігінің меншікті салмағы 3-4 кезеңдер бойынша 30 пайызды құраған. Сонымен қатар, онкологиялық аурулардың арасынан аталған сырқат түрі қауіптілігі бойынша екінші орында екендігі анықталған. Жоғарыда аталып өткен вакцина егу жұмыстары мойын мен жатыр ісігіне шалдығу жиілігін төмендету мақсатында жүргізіліп отыр. Папиллом вирусынан індет жұқтыру қаупі 16 жастан 20 жас аралығында жиі кездеседі.

Соңғы жаңалықтар