Елордада жасөспірімдер арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 4 шілде күні елодадағы «Дәулет» спорт кешенінде күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада жасөспірімдер арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды

Күрестің үш түрінен, атап айтар болсақ, грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша өтетін Азия чемпионаты 7 шілде күні мәресіне жетеді.

Континентальдық чемпионат Бірыңғай күрес әлемі ережелеріне сәйкес өткізіледі.

14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өтетін додаға Азия құрлығының 19 елінен 300-ден астам спортшы қатысады. Қазақстанның намысын 30 спортшы қорғамақ.

Бүгін аталған біріншілік аясында «Дәулет» СК мәжіліс залында Республикалық күрес федерациясының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Азия чемпионаты және Токио-2020 Олимпиадасына жолдама беретін күрес түрлерінен әлем чемпионатына дайындық мәселелері сөз болды.

Жарыс күн сайын сағат 9:00-де басталады. Кіру тегін.

Еске салайық, 2019 жылғы 14-22 қыркүйекте Елорда төрінде күрес әлемінің ең басты спорттық іс-шарасы - грек-рим, еркін және әйелдер арасындағы күрес түрлерінен, сондай-ақ грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді.