Елордада жастар арасындағы «Болашақ энергиясы» республикалық байқауы басталды
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада «Болашақ энергиясы» - «EXPO-2017-ге қолдау білдір! Елге қолдау білдір!» тақырыбы бойынша үздік ұрандар мен эсселердің республикалық байқауы басталды.
Байқау EXPO-2017 халықаралық арнайыландырылған көрмесін Астанада өткізуге өтінімін беру аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Сауда комитетінен хабарлады.
«Болашақ энергиясы» байқауының мақсаты -энергияның баламалы көздерін дамытуға жастардың назарын аударты сондай-ақ, EXPO-2017 көрмесін елімізде өткізу идеясын көпшілікке насихаттау. 12 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтетін байқауға Қазақстанның барлық жоғары сынып оқушысы мен студенттері (байқау туралы толық ақпараттар www.expo2017astana.com сайтында) қатыса алады. Нәтижелер 2011 жылдың желтоқсан айында жарияланады.
Айта кетейік, ЕХРО-2017 көрмесін елімізде өткізу идеясы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.
Мұндай жобаларға қатысу - Қазақстан үшін маңызды қадам. Олар арқылы мемлекет өзінің мүмкіндіктері мен әлеуетін әлемге әйгілей алады. Көрме баламалы энергия көздерін дамытуға мықты серпін беріп, Қазақстанға жаңа инвестициялар мен технологияларды тартуға септігін тигізетін болады.
EXPO 2017 көрмесінің тақырыбы - «Болашақ энергиясы». Ол - жаңғырмалы энергия көздерін тұрақты пайдалану және енгізу - қазіргі заманның жаһандық мәселелерінің бірі болып табылатын тақырыпты қамтиды.
Қазақстан мұнай, газ, уран секілді энергетикалық қорларға аса бай. Мол табиғи байлықтарымызға қарамастан, Қазақстан энергияның баламалы көздерін белсенді дамытуда. Аталмыш ресурстар ертелі-кеш сарқылатынын ескеріп, мемлекет оларды болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуға ниетті. Сондықтан бүгінде Қазақстан өзге елдер секілді экологиялық таза баламалы энергия көздеріне үлкен үміттер артып отыр.